Зоосаябақ тарихы
Қазақстан Республикасында үш зоосаябақ бар , олардың бірі Шымкент қаласында орналасқан. Шымкент зообағы 1979 жылы 11 желтоқсанда қазақтың біртуар ұлы Социалистік Еңбек ері, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Асанбай Асқарұлы Асқаровтың жеке бастамасымен, әрі тікелей басшылығымен ескі карьердің орнында халықтық құрылыс тәсілімен тұрғызылған.
Ресми түрде зообақ 1980 жылы 29- сәуір күні ашылды. Алғашқы кезде коллекцияда 75 аңның түрі, 350 данасы болды. Зообақтың коллекциясын толықтыруға көмектескен Кеңес Одағының басқа зообақтары жаңа зообақтың ашылуына жануарлардың көп бөлігін берді, сонымен қатар біздің зообағымыздың экспозициясын қалыптастыруға үлкен үлес қосқан қаламыздың тұрғындары.
30 га аумақта вольерлер мен басқа да нысандарды қайта құру белсенді жүргізілуде. Қазіргі уақытта бұрынғы ескі карьердің орнында шамамен 7 га Африканың жануарлар аймағы бар, онда африкалық тұяқтылар мен түйеқұстар еркін серуендейді, сонымен қатар сусиырға арналған кең бассейн салынды. "Террариум" бөлімі күрделі жөндеуден өтті, сирақты құстарға және сурикаттарға арналған вольерлер салынып, іске қосылды.Тауда жүретін тұяқтылар үшін "Тау" бөлімі, «Түнгі әлем», «Жартас» -жыртқыш құстар үшін, маймылдар, қасқырлар, аюлар, гепардтар үшін арнайы вольерлер салынды.15 жыл бұрын құрғап қалған үлкен көл қайта құрылып, суға толтырылды. Жақын арада вольерлердің келесі кезегінің құрылысы күтілуде.
Шымкент мемлекеттік зообағының басты мақсаты сирек кездесетін және жоғалып бара жатқан жабайы аңдарды асырау, оларды көбейту және ғылыми-зерттеу жұмысы ғана емес, сонымен қатар қызметкерлер келушілерге аңдар туралы лекциялар оқып, экскурсия жүргізеді. Бөлім қызметкерлері жануарларды ұстау, азықтандыру, өсіру және емдеу бойынша кеңестер береді. Жыл сайын зообақта мектеп оқушылары үшін 150-ге дейін тақырыптық және экскурсиялар жүргізіп, мектептерге барып дәрістер оқиды.
Қазіргі уақытта жануарлар коллекциясының 294 түрінен 2875 басы бар. Олар: балықтар, бауырмен жорғалаушылар, құстар мен сүтқоректілер.
Зоосаябақта жануарлар 7 бөлімге бөлінеді:
1.Аквариум
2.Түнгі әлем
3.Террариум
4.Орнитология
5.Жыртқыш аңдар
6.Тұяқтылар
7.Приматтар
Біздің зоосаябақ EARAZA (Еуроазиялық аймақтық зоосаябақтар және аквариумдар қауымдастығы) халықаралық одағының мүшесі. Сонымен қатар ZIMS (Zoo International Database) халықаралық компьютерлік бағдарламасына қатысады.
Зоосаябақ ғылыми және білім беру орталықтарының бірі, сонымен қатар қала тұрғындары мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындары болып табылады. Мұнда сіз зоосаябақтың салқын аймағында демалуға, таза ауамен тыныстауға және жануарлар әлемінің әртүрлі өкілдерін тамашалауға орасан мүмкіндік аласыздар.