Оңтүстік Африканың шөлдері мен шөлейттерінің ыстық климатында мекендейтін мангусттар тұқымдастарының кішкентай жыртқыш сүтқоректілері. Денесінің тұрқы 25-35 см, құйрығы 17-25 см. Салмағы 730 грамдай. Аталығы аналығынан қарағанда үлкенірек келеді. Ұзын да жұмсақ жүні-қызғылт сары, қоңыр түсті. Басы ақ, құлағы қара, құйрығы сарғылт. Құйрығының ұшынан иығына дейін көлденеңінен орналасқан қара жолақтары бар. Сурикаттар ін қазу үшін құрғақ, борпылдақ топырақты жақсы көреді. Олар ін қазып жатқанда топырақ түспесін деп құлағын бітеп алады. Тереңдігі 1,5 метрге дейін баратын, бірнеше есігі бар ін қазады. Паразит жәндіктер пайда болса немесе бір жайсыздық сезілсе, ол інді тастап, басқа інге көшіп кетеді.
Екі-үш отбасы топ болып бірігіп, 20-30 бастан тұратын шоғыр құрайды. Шоғыр мүшелері белгілі бір тәртіпке бағынады. Басқалары азық іздеп немесе ойнап жүргенде бір екеуі кезектесіп мекенін күзетеді.
Олар негізінен, жәндіктермен қоректенеді. Сурикаттар қорегін күндіз іздейді. Түнде ініне кіріп жатады.
Жүктілік кезеңі 70 күнге созылады. Дүниеге 2-ден 5 төл әкеледі. Сурикаттың көзі өте жақсы көреді. Көзінің айналасында қара дақтары болады. Ол күн сәулесінің шағылысуынан қорғайды.
Өмір сүру ұзақтығы шамамен 7-8 жыл.